Мектептің іргетасын қалаған қазақтың алғашқы ағартушыларының  бірі Мейірман Ермектасов, ол 1924 жылы Лепсідегі  орыс байларының бұзылған үйлерінің  бөренеден қиылған ағаштарын,  төбесін жабатын қаңылтырларын  тасып әкеліп, Еңбек ауылының  ортасынан мектеп салды.
Ол алғашында бастауыш мектеп болды,  шаруа жастар  мектебі (ШҚМ) деп аталды. Ғимарат төбесі қызыл қаңылтырмен жабдықтағандықтан халық «қызыл мектеп»  деп атап кеткен.
1936-1939 жылдары Қарасу орталау мектебінің директоры болған  Мәкей Еркінбеков 1895 жылы кедей шаруа отбасында өмірге келген. Ол 1905-1911 жылдары Қапал ауылындағы жетіжылдық татар мектебінде білім алып, 1912 жылдан мұғалімдік жұмысқа араласады. 1918-20 жылдары Қызыл Гвардиялық интернатында жұмыс істейді. 1920-1932 жылдары Талдықорған өңірінде бірнеше мектепте мұғалім, директор болады. 1939-1947 жылдары Қарасу балалар үйінің директоры болып қызмет етеді. Ол «Қазақстанның 15 жылдық мерекесі» белгісімен, 1945 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің «Құрмет Грамотасымен», «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. «КСРО- ға еңбегі сіңген мұғалім» атағының иегері (1945). 1947 жылы республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шығып, 1952 жылы қайтыс болады.
Мектеп  басшылары  болып Ерғабыл Тұрсынбеков (1955 -1959 ), Аханов (1959 -1961 ), Батима Бимолдина (1961 -1963 ), Кәріпбаев Заманбек (1964 -1970), Аханбаев Хошман (1970 -1975), Аманғазина Бақтыбала (1975 -1976), Досмұхамбетов Асхат (1987 -1996 ), Нағманов Есен (1996 -1997 ) қызмет етті.
1997 оқу жылынан бастап осы ұжымды Досаев Тұрсынбек басқарып келеді.