Округке Кеңжыра, Еңбек, Тарас елді мекендері кіреді. Жер көлемі 0,5 мың шаршы метр. Округ орталығы Кеңжыра ауылында орналасқан. Халық саны 1620. Отбасы 322. Оралмандар 90.  Зейнеткерлер  250.  19  Батыр, «Алтын алқаға», 21 «Күміс алқаға» иегер аналар бар.
Округте 222 шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Пайдаланылып  жүрген   ауылшаруашылық жері 21775 га, оның ішінде егістігі 6889 га. Мал басының саны: ірі қара 2527,  жылқы765,  қой-ешкі 7867, құстар 8650.                                     
Округте 1 орта  және 2 негізгі мектептер, 1 ауылдық   дәрігерлік  амбулатория,   2 фельдшерлік   пункт,   1   учаскелік     тірек    пункті,  1   мал дәрігерлік пункт, 1 диірмен, 3 сауда орындары халыққа қызмет етеді.

Кеңжыра ауылы
Кеңжыра ауылы аудан орталығынан солтүстік- шығысқа қарай 50 шақырым жерде, Сарқан өзені жағалауындағы жусан аралас астық тұқымдас шөптер өскен, қызыл қоңыр топырақты тау алдының құрғақ жазығында орналасқан.
       Ауылдық округке қарасты елді мекендер 1963 жылға дейін Ш.Уалиханов атындағы кеңшардың құрамында болған, 1963 жылы Кеңжыра ауылы Ленин атындағы кеңшар болып, бөлініп шықты (директоры Данаев Әжен). Данаевтың басшылығы кезінде кеңсе, МТМ, клуб, сауда үйлері салынып, алма бағы  өсірілді. 1964 жылы оған Еңбек және Тарас ауылдары қосылды. 1972 жылы кеңшарға Дәуіт Қуатбеков директор болып, Сарқан өзеніне көпір, тас жол жасалды. Одан кейін Омаров Ерлік, Жапаров Нұрсейіт, Дүйсембаев Әскербек        басшылық етті. Жапаров облыс көлеміндегі ірі жем- шөп цехын, Дүйсембаев «Жастар орталығы», «Спорт кешені», балабақша, жұмысшылар асханасын салдырды.
        1994 жылы шаруашылық таратылып, Кеңжыра, Еңбек, Тарас ауылдары жеке-жеке ұжымға айналды да, оларды Е.Рахманов, Д.Ерденбеков, Б.Шабдарбаев басқарды. 1995-1996 жылдан бастап олар түгел жеке шаруа қожалықтарына бөлінді. Қазіргі таңда 207 шаруа қожалығы бар.
        Ауылдың тұңғыш тракторшылары: Алиев Ақынай, Шошақов Қожахмет, Баяндин Матебай, Арғынбаев Баймади, Антишева Насха, Болысбекова Биғайша.
         1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер Айтжанов Бейсембай, Аухадиев Жұмабай, Ақшалов Қабдрахман бүгінгі таңда ауылдың құрметті ақсақалдары, жастардың ақылшылары.
         Механизаторлар: Бекішев Солтанқұл, Горшков Михаил Егорович Ленин орденінің иегерлері болса, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен шопан Дүйсенбаев Сатыбалды, механизатор Абдрахманов Құсайын, сушы Диханбаев Нұрмолда, геолог Дюсембин Нұрқасым марапатталды. Ауыл тұрғындары ішінен Түрксіб теміржолын салуға қатысқан, 1933 жылдан 1952 жылға дейін «Еңбек» ұжымшарын үздіксіз  басқарған, ауылдық, аудандық кеңестерінің  бірнеше шақырылымының депутаты болған, көптеген мемлекеттік наградалардын иегері Қалибек Ұзақбаевтың есімі құрметпен аталады.
          Ауылдан шыққан Сүлейменов Иманбек, Сүлейменов Қағазбек – ғалымдар, Жақсылықов Ермұханбет – журналист, 1958-1962 жылдары аудандық «Ленин жолы» газетінің редакторы, Нұрмұханбетов Бекмұханбет – археолог, «Алтын адамды» тапқандардың бірі, Нұрахмет Досмұхамет – философия ғылымының кандидаты, белгілі саясаткер, Омаров Балташ, Заханов  Болат – ғылыми қызметкерлер, Бекішев Мұқан – ұшқыш. Қорғанбаев Бейсебек ауданымызда көптеген жыл білім саласын басқарған, еңбек және соғыс ардагері, «Ақсу ауданының құрметті азаматы». Ажар Сеңкібаева ұзақ уақыт партия қызметінде істеген, «Ақсу ауданының құрметті азаматы». Қалибеков Сейітқұл – аудандық әділет басқармасының бастығы.
Спорт саласында шәкірттері республика, облыс көлемінде өнер  көрсеткен  бапкерлер: Алаңбаев Қасымғали – тоғызқұмалақтан, Қамалбеков Егеубек – күрестен, Арғынбаев Тлеуберген- волейболдан.
Денсаулық  сақтау саласында ең алғашқы Еңбек ұжымшарында фельдшер болып  істеген Юрий Пахомович Маслов (1952-1963 ж). Сол кезде Кеңжыра ауылында медпункте  Татьяна  Якутқызы  істеді, 5 төсекті  әйелдер босандыратын үй болған. 1971 жылы Ленин кеңшарының орталығынан 35 төсекті учаскелік аурухана ашылды. Алғашқы бас дәрігері Шыныбеков Кеңес Шыныбекұлы, дәрігер -  Төлеуішова  Анипа болса, 1976-1980 жылдары бас дәрігер Арынова Амина Болатқызы, 1980-1981 жылы бас дәрігер Даутов Дәулет Есентайұлы болды.
1994  жылдан бастап Кеңжыра ауылының дәрігерлік – амбулаториясы болып  өзгертілген бұл мекемені 1981 жылдан бері 1-ші  санаттағы, білімді, тәжірибелі дәрігер, аудандық мәслихат депутаты болған Майрамгүл Исаева басқарып келеді.
Амбулаторияда тәжірибелі медбике Жазылбекова Қымбат Жазылбекқызы, фельдшер Айткаримова Назгүл Сатыбалдықызы, акушерка Азатова Орал Нұрбекқызы, тіс дәрігері Жаманбаев Серік Қабатайұлы қызмет етеді.